"БҚО әкімдігі білім басқармасының "Облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған Абай атындағы мектеп-гимназия-интернаты" КММ
0

 

Гимназия туралы

Білім саласында жұмыс істеу-тынбай  аққан ағысы қатты өзенде толқынмен алысып, тәуекел атты желқайықпен жүзгіштер жарысына қатысқанмен бірдей толассыз еңбек дер едім.

Иә, солай. Себебі, білім бәсекесі күннен-күнге қызып, білім сапасы мен білім беру мекемелерінің материалдық жағдайын жетілдіру талабы жылдан-жылға күшейтіліп отырған заманда өзгелерден қалғың келмесе, уақытпен бірге адымдап, жүгіре басып қызмет етуге тура келеді.

Міне, осылайша еңбек етуге машықтанып, жүйелі, тұрақты ырғақпен абыройлы қызмет атқарып келе жатқан бәйге- жүйрігіміз - «Үміт» гимназиясы.

Бір қарасаң, «Үміттің» құрылғаны күні кеше ғана.

Бәрі көз алдымызда жасалып жатты. Алғашқы баспалдақтар. Толып жатқан ірілі-уақты күнделікті мәселелер. Соның бәрінде, әрине, аудандық білім бөлімі тікелей араласып, ыстық –суығын бірге көрді.

«Үміт» гимназиясының тәжірибесі, меніңше, зерттеп, зерделеп, өзге мектептердің назарына ұсынуға  лайықты, өз алдына бір мектеп.

Мұнда ең алдымен баланың мүддесі биікке қойылады. Ата-аналармен байланыс, балалармен өзара сенім, сыйластыққа құрылған қарым-қатынас, ұстаздардың интеллигентке лайық парасатты келбеті мен өз мамандықтарын жетік меңгерген біліктілігі-бәрі бүгінгідей жоғары табысқа айнытпай алып келді. Бұл - заңдылық.

Өзіңіз ойлап қараңызшы, он бес жылдың ішінде 13 рет түлек ұшырған «Үміт» 300 шәкіртке кәмелеттік аттестат берген екен. Оның  94-і «Алтын белгі», 54-і «Айрықша!»

Соның ішінде әсіресе, 2010-2011 оқу жылында -10,  2011-2012 оқу жылында - 11,  2012-2013 оқу жылында -11, 2013-2014 оқу жылында -  17,  2014-2015 оқу жылында – 17 оқушы «Алтын белгі» алып шықты. Бұл –«Үміттің» жүйелі, іргелі оқу орнына айналғанының дәлелі.

Осы жылдар аралығында  Доллин Дәурен, Құлжұмыров Әлижан, Тасқалиева Үміт, Самат Сымбат  ҰБТ – да ең жоғарғы балл жинап, республикаға атымызды шығарды.

«Болашақ» бағдарламасы бойынша Англия, Америка, Қытай, Араб т.б  алыс шет елдерде оқып қайтқан және оқып жатқан балалар саны -19.

Бұл мектептің оқушылары қанша мүмкіндігі бола тұрса  да ешқашан ҰБТ сынағын айналып өтпейді.

Өз үлестерін қосып, гимназия қоржынына білім олжасын салып кетеді.

Мысалы, Жанболат Жаншахан, Жанерке Шахина, Алтын Әскерова Назарбаев университетіне қабылдау емтиханы мен ҰБТ сынағын қатар ұстап, екеуінен де жоғары нәтиже  көрсетті.

Тәлім – тәрбие арқылы білім нәтижесіне жету дегеніңіз осы болса керек 

Қашан да принципінен айнымайтын, өзіне де өзгеге де қатаң талап қоя білетін әділ басшы, ұстаз бар жерде мектептің бағы ашылады.

Сондай бақытты білім шаңырағы-«Үмітті» 15 жасқа толуымен құттықтай отырып, мызғымас бірлік, талмас қайрат пен жігер, толағай табыстар тілеймін.

Талапты шәкірттер мен талантты ұстаздар шоғырланған алтын ұяның білімнің аламан бәйгесінде шоқтығы биік бола бергей!

 

 

Аты Жүктеу
1 Үміт слайд
2 Үміт слайд (2 бөлім) (.pptx)